2024-2025 оқу жылына арналған "Абай-Верн" стипендиялық бағдарламасына қатысу конкурсы!
Досьені тапсырудың соңғы мерзімі: жексенбі, 12 мамыр, 2024 ж.
«Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасы — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің және Франция Республикасы Еуропа және сыртқы істер Министрлігінің бірлескен бағдарламасы.
Осы бағдарлама аясында мамандық таңдауда шектеусіз стипендия тағайындауға конкурс жарияланады. Барлығы қарастырылған: Қазақстан жоғары оқу орындарының магистранттарына 2 жылға 45 стипендия және бірлескен ғылыми жетекшілік аясында диссертация дайындайтын докторанттарға 5 стипендия.
Магистратураға стипендия алу конкурсына қатысу шарттары:
- Қазақстан азаматтығы;
- Жас шектеулері жоқ;
- 2024-2025 оқу жылының басына қазақстандық ЖОО-да магистратураның екінші курсына жазылу;
- Master 1 немесе Master 2 бағдарламасына Францияның жоғары оқу орнына қабылдау туралы шақыру немесе растау;
- Қос диплом бағдарламасы бойынша оқу артықшылық болып табылады.
Докторантураға стипендия алу конкурсына қатысу шарттары:
- Қазақстан азаматтығы;
- Жас шектеулері жоқ;
- 2024-2025 оқу жылының басында Қазақстандағы жоғары оқу орнының докторантурасының 1-курсына қабылдану және ғылыми тең жетекшілік аясында диссертация дайындау;
- Француз университетіне докторантураның бірінші курсына қабылдау туралы шақыру немесе растау.
Бағдарламаның қаржылық шарттары
«Абай-Верн» бағдарламасының стипендиаты келесі төлемдерді алады:
- магистранттар үшін: ай сайынғы 800 еуро мөлшеріндегі стипендия (қыркүйектен маусымға дейін 10 ай бойы); докторанттар үшін: ай сайынғы 1500 еуро мөлшеріндегі стипендия (жылына 6 ай бойы, 3 жыл қатарынан); (Стипендия мөлшері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша университет бұйрығы шығарылған сәтте есептеледі).
- Келесі артықшылықтарды беретін BCS Франция үкіметінің әлеуметтік стипендиясын алады:
- Францияға тегін ұзақ мерзімді студенттік виза (ақпарат үшін: стипендиат емес студент үшін виза құны 99 еуроны құрайды);
- Тіркеу жарнасын төлеуден босату (Францияның көптеген мемлекеттік университеттерінде міндетті). Ақпарат үшін: шетелдік студенттер үшін магистратураға тіркеу жарнасы бір жыл үшін 3770 еуроны, докторантураға бір жыл үшін 380 еуроны құрайды. Сонымен қатар, оқу орны мен дипломға байланысты қосымша шығындар болуы мүмкін;
- CROUS студенттік тұрғын үйге қол жетімділік (ақпарат үшін: CROUS мемлекеттік университеттік жатақханасында жалдау ақысы айына 300-ден 600 еуроға дейін, ал жеке секторда айына 800-ден 1000 еуроға дейін);
- Студенттік асханаларда жеңілдетілген тариф бойынша тамақтану (1 еуроға кешенді түскі ас) ;
- Тегін қосымша медициналық сақтандыру (ақпарат үшін: стипендиат емес студент үшін 300 евро);
- Campus France агенттігінің ақпараттық қолдауы.
Ескерту:
- Студенттер халықаралық көлік шығындарын өздері төлейді.
- Master-1 бағдарламасы бойынша "Абай-Верн" стипендиясы тек бір оқу жылына беріледі (2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың маусымына дейін). Егер студент Master-2-де оқуды жалғастырғысы келсе, онда оқу, тұру және тамақтану шығындары өздігінен төленеді (ақпарат үшін: Франция үкіметінің BCS әлеуметтік стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін Франция Елшілігіне құжат тапсыруға немесе Францияда ақылы тағылымдама / жұмыс табуға болады).
- "Абай-Верн" бағдарламасының стипендиат мәртебесі Францияның мемлекеттік жоғары оқу орындарында тіркеу жарнасын (frais d’inscription) төлеуден босатады, бірақ оқу ақысын (frais de formation) өтемейді. Егер студент ақылы оқуға түссе, онда ол конкурстық комиссияға өзінің оқуын қаржыландыруға жеткілікті қаражаттың бар екендігі туралы растауды ұсынуы керек.
- Студенттер барлық сабақтарға қатысуға міндеттенеді, әйтпесе стипендия төлемі тоқтатылады.
- Студенттің бастамасы бойынша оқу жылы кезінде оқуды тоқтатқан жағдайда (төтенше жағдайларды қоспағанда) студент бұрын аталған қаражатты толық көлемде қайтаруы тиіс.
Кандидаттың досьесі
Төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:
1. Француз жоғары оқу орнына немесе ғылыми-зерттеу орталығына магистратура немесе докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғаны туралы растау хат. Егер қабылдау рәсімі әлі аяқталмаған болса, өтініштің көшірмесін қосу;
2. Таңдалған бағдарламаға байланысты, француз немесе ағылшын тілінде түйіндеме ,сондай-ақ қазақ немесе орыс тіліндегі нұсқасы;
3. Таңдалған бағдарламаға байланысты француз немесе ағылшын тілдерінде, сондай-ақ орыс немесе қазақ тіліндегі мотивациялық хат (бір бет, тек алдыңғы жағы);
4. Паспорттың бірінші бетінің көшірмесі;
5. Бакалавриаттан бастап дипломдар мен қосымшалардың расталған көшірмелері;
6. Француз тілінде оқыту бағдарламасын таңдаған үміткерлер үшін: француз тілін білу дәрежесі B1-ден төмен емес екенін растайтын сертификат (DELF, DALF, TCF). Бұл шарт ЖОО-да француз тілінде оқығандарға қолданылмайды ;
7. Ағылшын тілінде оқыту бағдарламасын таңдаған үміткерлер үшін: ағылшын тілін білу дәрежесі B2-ден төмен емес екенін растайтын сертификат (TOEIC, TOEFL, IELTS). Бұл шарт ЖОО-да ағылшын тілінде оқығандарға қолданылмайды.
Докторантураға оқуға үміткерлер қосымша ұсынады:
1. Ғылыми-зерттеу жобасының қысқаша сипаттамасы (диссертация тіліне байланысты француз немесе ағылшын тілдерінде екі бетке) ғылыми жетекшінің рецензиясымен, сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде;
2. Жарияланған ғылыми еңбектер мен жарияланымдардың тізбесі (ағылшын немесе француз тілінде), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде;
3. Ғылыми жетекшілердің ұсыным хаты ағылшын немесе француз тілінде (еркін нысанда), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде.
Кандидаттың досьесін жіберу тәртібі
- Құжаттарды тапсырудың соңғы мерзімі: 12 мамыр 2024 24 сағат 00 дейін
- Кандидаттың PDF форматындағы досьесін (ең көбі 10 Мб) электрондық мекенжайға жіберу қажет: abai.verne@gmail.com
- БАРЛЫҚ ҚҰЖАТТАР БІР ДОСЬЕДЕ ЖИНАЛУЫ КЕРЕК:
Магистратура бағдарламалары үшін: 2024Master_ТЕГІ_АТЫ
Докторантура бағдарламалары үшін: 2024PhD_ТЕГІ_АТЫ
ТЕГІ мен АТЫ төлқұжаттағыдай латын әріптерімен жазылуы керек.
Сәйкес емес немесе толық емес досьелер қарастырылмайды.
- Досьені алған кезде кандидатқа растау жіберіледі.
Конкурстық комиссия
Кандидаттарды іріктеуді аралас қазақ-француз тәуелсіз комиссиясы жүзеге асырады.
Нәтижелерді жариялау
Байқау нәтижелері 2024 жылдың маусым айының басында Францияның Қазақстандағы Елшілігінің сайтында жарияланады https://kz.ambafrance.org/
Қосымша ақпарат
Магистратура бойынша бағдарламалар каталогы:
ағылшын тілінде: http://taughtie.campusfrance.org/tiesearch/#/catalog
француз тілінде: http://cataloguelm.campusfrance.org/master/#/catalog
Докторантура бойынша бағдарламалар каталогы:
https://doctorat.campusfrance.org/phd/dschools/main
"Абай-Верн" бағдарламасы бойынша қосымша ақпаратты Француз Альянстарындағы Қазақстандық Espaces Campus France орталықтарынан алуға болады.